Жаңалықтар kaz

Narxoz University студенттері Research Sprint КАПИОР байқауы аясында Қазақстан бизнесінің ЖИ-құралдарына дайындығын зерттеді

Narxoz University студенттерінен құралған команда BISAM Central Asia зерттеу агенттігінің менторлық қолдауымен Қазақстандық қоғамдық пікір мен нарықты кәсіби зерттеушілер қауымдастығы (КАПИОР) ұйымдастырған Research Sprint студенттік зерттеу жобалары байқауына қатысты.

Байқау аясында қатысушыларға Битрикс24 компаниясы ұсынған нақты бизнес-міндет жүктелді. Зерттеу жұмысының мақсаты – қазақстандық бизнестің бағдарламашылардың көмегінсіз, жасанды интеллект арқылы цифрлық шешімдерді өз бетінше әзірлеуге мүмкіндік беретін құралдарды қолдануға қаншалықты дайын екенін анықтау. Жоба «Вайбкодинг: Қазақстан бизнесінің өздігінен әзірлеуге арналған ЖИ-құралдарына дайындығы» тақырыбында жүзеге асырылды.
Research Sprint форматы кәсіби зерттеу тәжірибесіне барынша жақын ұйымдастырылған. Студенттік командалар сала мамандарының жетекшілігімен нақты тапсырыс берушілердің кейстерімен жұмыс істеп, зерттеу процесінің барлық кезеңінен өтеді.

Жоба барысында Narxoz University командасы зерттеудің толық циклін орындады: зерттеу міндетін нақтылау, гипотезаларды қалыптастыру, әдіснаманы әзірлеу, зерттеу құралдарын дайындау, тереңдетілген сұхбаттар өткізу, сандық сауалнама жүргізу, деректерді талдау және тапсырыс берушіге арналған қорытындылар мен ұсыныстар әзірлеу.

Зерттеуге Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы бизнес иелері мен басшылары, сондай-ақ IT саласына қатысы жоқ мамандар қатысты. Алынған нәтижелер бизнес өкілдерінің жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы хабардарлық деңгейін бағалауға, негізгі кедергілерді анықтауға және цифрлық өнімдерді әзірлеуде ЖИ-құралдарын қолдану әлеуетін зерделеуге мүмкіндік берді.

Зерттеу тобының құрамында Narxoz University Гуманитарлық мектебінің «Әлеуметтану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері болды:

· Айғаным Смағи
· Биқымбат Нұртас
· Валентина Бледных
Университет тарапынан команданың ғылыми жетекшісі ретінде саясаттану ғылымдарының кандидаты Айман Сабитқызы Жүсіпова қатысты. BISAM Central Asia тарапынан жобаға зерттеу бөлімінің жетекшісі Наталия Волкова мен кіші зерттеуші Жасмин Битахан жетекшілік етті.

Жобаның басты ерекшелігі – оның толықтай тәжірибелік сипатта болуы. Студенттер нақты тапсырыс берушімен жұмыс істеп, шынайы деректер негізінде зерттеу жүргізді және нәтижелерін кәсіби қазылар алқасы мен бизнес өкілдерінің алдында қорғады.

Осындай жобалар студенттердің зерттеу және талдау дағдыларын дамытуға, еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық тәжірибе жинақтауына және университет пен кәсіби қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Команданы Research Sprint байқауындағы табысты қатысуымен құттықтаймыз! Сондай-ақ байқауды ұйымдастырған КАПИОР қауымдастығына және өзекті зерттеу міндетін ұсынған Битрикс24 компаниясына алғысымызды білдіреміз.
BISAM жаңалықтары